Show menu Search
Mass Media

You are here

Азаматтық авиация саласындағы ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламаны бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 11 наурыздағы № 136 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1.«Азаматтық авиация саласындағы ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламаны бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 11 наурыздағы № 136 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 18, 92-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Азаматтық авиация саласындағы ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламада:

3-тармақта:

3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«3) қызмет көрсетуді жеткізушілер – азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым сертификаттаған азаматтық авиация ұйымдары (азаматтық әуе кемелерін пайдаланумен айналысатын немесе осы салада өз қызметтерін ұсынатын жеке немесе заңды тұлға);»;

мынадай мазмұндағы 12) және 13) тармақшалармен толықтырылсын:

«12) азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган – Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және азаматтық және эксперименттiк авиация қызметi саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

13) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын орнықты дамытуды, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;»;

16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«16. Қазақстан Республикасының әуе кемесімен немесе Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекетің әуе кемесімен болған авиациялық оқиға немесе инцидент азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органмен бекітілген Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру қағидасына сәйкес міндетті түрде тексерілуге тиіс.»;

20-тармақтың 1)  тармақшасы  мынадай редакцияда жазылсын:

«1) тұрақты қадағалау және уәкілетті ұйымның авиациялық инспекторларының қадағалау мәселелері жөніндегі лауазымды адамдармен өзара іс-қимылы негізінде пайдаланудағы сәйкессіздіктерді анықтау;»;

21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

 «21. Қызмет көрсетуді жеткізушінің қызметін тұрақты қадағалау сертификаттау жүйесінің ажырамас құрамдас бөлігі және халыққа қауіпсіз әрі сенімді коммерциялық авиакөлік тасымалын ұсыну мақсатында талап етілетін пайдалану нормаларының сақталуына уәкілетті орган және уәкілетті ұйым жауапкершілігінің маңызды элементі болып табылады.»;

22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«22. Талап етілетін қадағалау шаралары және оларға байланысты инспекциялық тексерулерді уәкілетті ұйымның авиациялық инспекторлары жүргізеді.»;

23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«23. Уәкілетті ұйым осы Бағдарламаның негізінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету тиімділігінің нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында авиациялық қызметте кездесетін ұшу қауіпсіздігінің қауіп факторларын бақылау үшін қызмет көрсетуді жеткізушілерді реттеу, қадағалау және бақылау бойынша жұмыстар жүргізеді. Ұшу қауіпсіздігі үшін тәуекел факторларын басқару қауіпті факторларды анықтауды, ұшу қауіпсіздігі үшін тәуекелді бағалауды және оларды азайту бойынша тиісті шараларды жүзеге асыруды қамтиды.»;

29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«29. Қызмет көрсетуді жеткізушілер әзірленген ҰҚБЖ-ны уәкілетті ұйыммен келіседі.»;

37-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«37. Азаматтық, эксперименталдық авиацияның қызметін мемлекеттік бақылау мен қадағалауды уәкілетті орган және уәкілетті ұйым қатысуымен мынадай іс-шараларды орындау арқылы жүзеге асырады:»;

38, 39, 40, 41, 42, 43, 44 және 45-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«38. Уәкілетті  ұйым барлық функционалдық салаларда ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде олардың ұлттық қағидаларды, рәсімдер мен практиканы сақтауын бақылау мақсатында қызмет көрсетуді жеткізушілерді қадағалау бағдарламасын және инспекторлық құрам үшін техникалық нұсқаулықтарды әзірлейді.

39. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қадағалауды тиімді жүзеге асыру үшін уәкілетті ұйым білімі мен арнайы (техникалық) даярлығының (біліктілігінің) деңгейі бойынша қызмет көрсетуді жеткізушінің инспекцияланатын персоналынан төмен болмауы тиіс даярлықтан өткен персоналмен жасақталады.

40. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қадағалауды жүзеге асыру кезінде уәкілетті ұйымның инспекторлық құрамының өкілеттігі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінің және ИКАО стандарттарының ережелерімен және талаптарымен қамтамасыз етіледі.

41. Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін бұзушылықтар анықталған кезде уәкілетті ұйым пайдаланушы немесе азаматтық авиация ұйымы анықталған бұзушылықтарды жойған кезге дейін сертификатты (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті) қайтарып алу немесе оны толық немесе ішінара шектеу немесе қолданысын тоқтата тұру жөнінде шаралар қабылдайды.

42. Қызмет көрсетуді жеткізушілер инспекторлық тексеру кезінде уәкілетті ұйымның инспекторлық құрамының қызметкерлердің жеке істеріне, әуе кемелеріне, құралдар мен қызметтерге, сондай-ақ тиісті есепке алу құжаттамаларына қол жеткізуі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді және олардың міндеттерін орындауына жәрдемдеседі.

43. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі нақты немесе әлеуетті кемшіліктер туралы ақпаратты жинауға жәрдемдесу мақсатында уәкілетті орган уәкілетті ұйыммен бірге Қазақстан Республикасында азаматтық авиацияның әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен инциденттер туралы деректерді (хабарламаларды) ұсынудың міндетті жүйесін әзірлейді.

Авиациялық оқиғаны немесе инцидентті, ол туралы мәліметті қасақана жасырғаны, сондай-ақ ақпаратты бұрмалағаны үшін кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылыққа тартылады.

44. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі нақты немесе әлеуетті кемшіліктер туралы ақпаратты жинауға жәрдемдесу мақсатында уәкілетті орган уәкілетті ұйыммен бірге инциденттер туралы деректерді (хабарламаларды) ерікті ұсыну жүйесін құрады, олар инциденттер туралы деректерді міндетті ұсыну жүйесі шеңберінде тіркелмеуі мүмкін.

Инциденттер туралы деректерді ерікті хабарлау жүйесі авиациялық инциденттер туралы ақпаратпен ғана шектелмеуі тиіс, сонымен қатар қауіпті факторлар, яғни инцидентке әкеп соқтыруы мүмкін қауіпті жағдайлар туралы мәліметтерді жинауды да көздеуі тиіс.

Инциденттер туралы деректерді (хабарламаларды) ерікті ұсыну жүйесі жаза қолдануға бағдарланбаған және ақпарат көздерін қорғауды көздеуі тиіс. Ерікті хабарлау кезінде жаза қолданудан бас тарту инциденттер және қауіпті факторлар туралы деректерді ерікті хабарлау жүйесінің негіз қалаушы қағидаты болып табылады.

45. Уәкілетті орган уәкілетті ұйыммен бірге авиациялық оқиғалар мен инциденттерді мониторингтеу, бақылау және олардың алдын алу мақсатында ҰҚБЖ бойынша деректерді жинау мен талдаудың автоматтандырылған жүйесін әзірлейді және енгізеді.»;

46-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«46. Уәкілетті орган уәкілетті ұйыммен бірге авиациялық оқиғалар мен инциденттер туралы ұсынылған міндетті және ерікті хабарламаларды жинауды, есепке алуды және талдауды жүзеге асырады, сондай-ақ қауіпті факторларды есепке алуды жүргізеді. Міндетті тексеруге жататын оқиғалар тізбесіне кіретін авиациялық оқиғаларға қатысты уәкілетті орган оларды тексеруді ұйымдастырады, ал қауіпті факторларға қатысты оларды жою немесе олардың ықпал ету дәрежесін азайту жөніндегі профилактикалық іс-шараларды әзірлейді.»;

48 және 49-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«48. Уәкілетті ұйым уәкілетті органмен бірге Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі жай-күйінің тоқсан сайынғы, жартыжылдық және жылдық талдауын дайындайды және шығарады. Ұшу қауіпсіздігі жай-күйінің талдаулары қызмет көрсетуді жеткізушілерге жіберіледі.

49. Қызмет көрсетуді жеткізушілер ұшу қауіпсіздігі жай-күйінің тоқсан сайынғы, жартыжылдық және жылдық талдауларын жасайды.

Қызмет көрсетуді жеткізушілер жасайтын ұшу қауіпсіздігі жай-күйінің талдаулары жинақтау және тұтастай азаматтық авиация бойынша ұшу қауіпсіздігінің деңгейін арттыру жөніндегі профилактикалық шараларды қабылдау үшін уәкілетті ұйымға жіберіледі.»;

50-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«50. Қызмет көрсетуді жеткізушілердің, оның ішінде шет мемлекеттердің әуе кемелерін пайдаланушылардың ҰҚБЖ-сында сәйкессіздіктер анықтаған кезде Уәкілетті ұйым ұшу қауіпсіздігі тұрғысынан неғұрлым проблемалық немесе қауіптер, өндірістік қызметтер үшін олардың салдары туралы деректерді және ұшу қауіпсіздігі үшін қауіптерді бағалау нәтижелерін талдау арқылы анықталған қызмет көрсетуді жеткізушілердің қосымша тексеруді талап ететін қызмет салаларында кезектен тыс инспекциялық тексерулер мен зерттеп тексерулер жүргізеді.»

51 және 52-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«51. Уәкілетті ұйым авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстау қағидаларымен азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органмен бекітілген негізінде авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және біліктілігін қолдауды қамтамасыз етеді.

52. Уәкілетті ұйым ұшу қауіпсіздігін қадағалауға қатысатын өзінің персоналын сертификаттаған авиациялық оқу орындарында, сондай-ақ ИКАО-ның оқу орталықтарында оқудан өткізеді.».

2. Осы қаулы 2019 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі және жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                  А. Мамин

© 2019

Official Internet website

Ministry of Industry and Infrastructural Development of the Republic of Kazakhstan