Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы

You are here

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына ҚР ИИДМ Министрінің баяндамасы

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!

Құрметті депутаттар!

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Заң шығару жұмысының 2016-2021-ші жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспарын іске асыру мақсатында әзірленді.

Заң жобасының негізгі мақсаттары:

  • жолдарда көлік бақылауын автоматтандыру;
  • жолаушыларды және багажды тасымалдау сапасын арттыру;
  • теміржол және теңіз көлігіне тексеру жүргізу тәртібін жетілдіру;
  • көлік құралдарын қауіпсіз пайдалануды арттыру;
  • сонымен қатар, Халықаралық теңіз ұйымы  (ИМО) аудитінің ескертулерін жою.

Заң жобасы 6 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Автожолдарда тексеру негіздерінің тізбесін айқындау арқылы бақылау тәртібін өзгерту ұсынылады. Ол көлікті бақылау органдарының көлік құралдарын негізсіз тоқтату тәжірибесінен бас тартуына және көлік құралдарын шамамен 100 мың рет негізсіз тоқтатуды алып тастауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары жүйесінен алынған мәліметтерді интеграциялау арқылы  арнайы рұқсаттың және өзге де  рұқсат беру құжаттарының болуын, міндетті техникалық байқаудан өткенін көлікті тоқтатпай-ақ тексеруге болады.

Түзетулердің бір қатары жолаушыларды тасымалдау сапасын арттыруға бағытталған.

Заң жобасында қазақстандық тасымалдаушыларға шекараға жақын облыстың аумағында орналасқан елдімекендер арасында тасымалдау қызметін атқаруға рұқсат беру ұсынылады.

Бұл түзетуді қабылдау 104 халықаралық маршрут аясында  шекаралас облыстардың 300-ге жуық елді мекендерінің жолаушыларын қосымша тұрақты тасымалдаумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Заң жобасында таксимен жолаушыларды тасымалдау үшін клиенттердің тапсырысын өңдейтін онлайн-сервистер қызметін заңнамалық деңгейде реттеу ұсынылады. Ол көрсетілген интернет-ресурстарға қатысты қолданыстағы нормалар мен шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл  мобильді қосымшаларды жиі қолданатын кемінде 50 мың заңсыз тасымалдаушының жолын кесуге ықпал етеді.

Белгілі бір болған оқиғаны тәуелсіз, жан-жақты және объективті тексеруді қамтамасыз ету мақсатында заң жобасында теміржол және теңіз көлігін тексеру тәртібін жетілдіру ұсынылады.

Автомобильдерді пайдалану қауіпсіздігін арттыру үшін техникалық байқау арнайы бағдарламалық талаптарын бекіту бойынша Жол жүру туралы заңына уәкілетті органның құзыретін енгізу ұсынылады. Жоғарыда көрсетілген түзетулер техникалық байқаудан өткені туралы жалған диагностикалық карталар беру фактілерінің себептерін жоюға мүмкіндік береді.

2017 жылы Қазақстан Халықаралық теңіз ұйымына мүше мемлекеттер конвенциясы талаптарына сай келуі туралы Міндетті аудиттен өтті. Оның қорытындысы бойынша сарапшылар бірнеше ескертулер мен ұсынымдар берді.

Осыған байланысты, заң жобасында халықаралық конвенция талаптарын имплементациялау бойынша кемелердің теңізді ластамауы мен кемелерді өлшеу қағидаларын бекіту сияқты нормалар қарастырылуда.

Кемелерді тексеру санын оңтайландыру мақсатында заң жобасында техникалық байқау кезеңін және кемені жоспардан тыс тексеру үшін негіздемелердің  тізбесін анықтау ұсынылады.

2013 жылдан бастап Қазақстанда цифрлы тахографтарға карталарды дайындау және дербестендіру функциясы бәсекелестік ортаға берілді. Карточкаларды әзірлеу нарығын кеңейту мақсатында, сондай-ақ халықаралық тасымалдаумен айналысатын көлік құралдарының экипаждары қызметіне қатысты Еуропалық келісімнің нормаларын жүзеге асыру үшін, заң жобасында электрондық карточкаларды сандық тахографтарға сертификаттау жөніндегі нормалар ұсынылады.

Жалпы, заң жобасын қабылдау халықаралық автомобиль тасымалдары жүйесін жаңғыртуға, ұлттық заңнамаға теңіз көлігі мәселелері бойынша халықаралық шарттардың талаптарын енгізуді, көліктегі бақылау функцияларын оңтайландыруға, жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдау жөніндегі қызметтерді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, сондай-ақ көлік саласындағы заңнамалық қайшылықтарды, кемшіліктер мен коллизияларды жоюға мүмкіндік береді.

Құрметті депутаттар, жоғарыда баяндалғанның негізінде ұсынылған заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын.

Назарларыңызға рахмет.

© 2019

Ресми Интернет-ресурс

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі