Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы

You are here

"SERPIN" бастауыш кәсіподақ ұйымы

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік,

банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің   

кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің  кезектен тыс 

IX съезінің 2015 жылғы «04» ақпандағы қаулысымен бекітілген

«Мемлекеттік,  банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы»  қоғамдық бірлестігінің «SERPIN» бастауыш ұйымы туралы

ЕРЕЖЕ

 Астана қаласы

1. Жалпы ережелер

1.1. Біртұтас «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» (бұдан әрі – Салалық Кәсіподақ) қоғамдық бірлестігі негізі болып бастауыш кәсіподақ ұйымы саналады. Аталмыш ұйым, құрылымдық-құқықтық және меншіктік формаларына қарамай барлық мекемелердегі бір ұжымда еңбек ететін кем дегенде кәсіподақтың үш мүшесінің қатысуымен шақырылған құрылтай жиналыста, Салалық Кәсіподақ Жарғысы мен аталмыш Ережеге сай құрылады.

1.2. Бастауыш кәсіподақ ұйымы Салалық Кәсіподақтың ұйымдастыру құрылымдық бөлігінің негізі болып саналады. Бастауыш кәсіподақ ұйымы Салалық Кәсіподақтың ішкі құрылымына жатады және заң орындарында есептік тіркеуден өтпейді.

Бастауыш кәсіподақ ұйымы Салалық Кәсіподақ ұйымының сенімхаты негізінде банктен өз есеп шотын ашуға және белгіленген үлгідегі мөр мен мөртабанын иеленуге құқылы.

1.3. Бастауыш кәсіподақ ұйымы өз қызметін Қазақстан Республикасының Ата Заңына, заңдарына, халықаралық құқықта қабылданған жалпы ережелерге және «Мемлекеттік,  банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің салалық   Кәсіподағы» ҚБ Жарғысы мен осы Ережеге сай жүргізеді.

1.4. Бастауыш кәсіподақ ұйымы өз қызметінде мемлекеттік билік органдарына, жұмыс берушілерге, саяси және өзге де қоғамдық ұйымдарға тәуелсіз, оларға есеп бермейді және олардың қадағалауынан тыс. Осы ұйымдармен ара қатынасы тең дәрежеде және әлеуметтік әріптестік тұрғысында жасалады.

1.5. Бастауыш кәсіподақ ұйымы, Жарғыға, Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының Ережесіне, Кәсіподақтың жоғарғы органдарының қарарларына сай өз бетінше күнделікті мәселелерді шешуге меншігіндегі ақшаны пайдалануға құқылы.

1.6. Заңды тұлғаның қайта құрылуы, жұмысын түпкілікті тоқтатуы немесе басқа меншіктік формаға ауысуы орын алған жағдайда  бастауыш кәсіподақ ұйымы осы мемлекеттік органның, мекеменің, ұйымның, кәсіпорынның бастауыш ұйымының заңды мұрагері ретінде мүліктік және де басқа да құқыққа ие және кәсіподақ мүшелеріне қатысты өз міндеттерін орындауға тиісті. Бұл міндетке кәсіподақ мүшелерінің тиісті кәсіподақ органдарына төлейтін жарнасына қатысты қарызы мен қаржылық есеп жүргізу ісінде орын алған олқылықтарға байланысты берешегі кірмейді. 

2. Ұйымға мүшелікке өту

2.1. Ұйымға мүшелікке өту Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік,  банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық   Кәсіподағы» ҚБ Жарғысына сай жүргізіледі. Мүшелікке өту ерікті. Кәсіподаққа мүше болу үшін мүше болатын кісі өтініш жазуға міндетті. Егер де кәсіподақ мүшелерінің саны 3 адамнан кем болмаса, мүшелікке қабылдауға қатысты шешім кәсіподақтың бастауыш ұйымының жиналысында  қабылданады. Ал егер олардың саны 10 адамнан асатын болса бұл мәселеге қатысты шешім кәсіподақ комитетінің мәжілісінде қабылданып, нәтижесі кәсіподақтың бастауыш ұйымының жиналысында жарияланады. Кәсіподаққа мүшелікке алынған адамға белгіленген үлгідегі кәсіподақ билеті беріледі.

2.2. Кәсіподақ мүшелері негізгі қызмет немесе оқу орнындағы кәсіподақтың бастауыш ұйымында есепке алынады. Кәсіподақ мүшесіне есеп карточкасының номеріне сәйкес номерлі  кәсіподақ билеті беріледі. Есеп карточкасы кәсіподақ ұйымына кіретіндерді есепке алуға арналған негізгі құжат болып табылады.   

2.3. Кәсіподақ мүшелігіне мемлекеттік органның, оның ведомстволары мен олардың аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері, ведомствоға бағынысты ұйымдар  және ерікті шарт бойынша жұмыс атқаратын Салалық Жарғы мен осы Ережені мойындау және мүшелік жарнасын төлеу шартымын қабылданады.

2.4. Кәсіподаққа мүше болу өтілі кәсіподақтың бастауыш ұйымы жиналысының, кәсіподақ комитеті мәжілісінің шешімі шыққан күннен бастап есептелінеді және Кәсіподақ ұсынатын жеңілдіктерді беру кезінде есепке алынады.

Кәсіподақ мүшесінің кәсіподаққа мүше болу өтілі мен кәсіподақтың бастауыш ұйымына мүшелігі мүшелік жарнасын уақытылы төлеп тұрған жағдайда ғана сақталады. Осы құқыққа ие азаматтардың қатарында:

–          зейнет жасына жетуіне орай, мүгедектігіне байланысты немесе балаларына қарау қажеттігі туындаған себепті жұмыстан шыққан кәсіподақ мүшелері;

–          жұмысшылардың санын немесе тиісті қызмет орнының қысқартылуына байланысты, мекеменің немесе кәсіпорынның (заңды тұлғаның) жабылуына орай, жұмыс берушінің (жеке тұлғаның) өз қызметін тоқтатуына байланысты жұмыссыз қалған кәсіподақ мүшелері бар.

2.5. Кәсіподақ мүшесі Кәсіподақтан өз еркімен шыққан немесе шығарылған жағдайда мүшелігі тоқтатылады. 

Кәсіподақ мүшесінің Кәсіподақтан өз еркімен шығу мәселесін оның жеке арызы негізінде, Кәсіподаққа қабылдау құқына ие органдар қарайды.

Кәсіподақ мүшесі Жарғыда көрсетілген міндеттерін, осы Ереженің 3.3.-тармағын жүйелі түрде орындамаған жағдайда, немесе Кәсіподақтың ынтымағына нұқсан келтіретін әрекеттерге барған жағдайда оны Кәсіподақ мүшелігінен шығару мәселесі қарастырылады.

2.6. Кәсіподақ мүшесі Жарғыда көрсетілген міндеттерін жүйелі түрде орындамаған жағдайда, Кәсіподақ ұсынатын жеңілдіктерді пайдалану құқынан 6 ай мерзімге дейін айырылуы мүмкін.

2.7. Кәсіподақ тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдалану құқынан айыру туралы шешім мен Кәсіподақ мүшелігінен шығаруға қатысты шешімді Кәсіподаққа қабылдау құқына ие органдар, және де Кәсіподақтың жоғарғы сайланатын органдары қабылдап, бұл туралы бастауыш кәсіподақ ұйымын хабардар етеді.

Бұл туралы шешімді шығару ісіне Кәсіподақ мүшесінің қатысуы міндетті. Кәсіподақ мүшесі бұған себепсізден себепсіз қатысудан бас тартқан жағдайда, бұл шешім оның қатысуынсыз қабылдануы мүмкін. Кворум жағдайындағы жиналысқа қатысушылардың кем дегенде үштен екісі немесе мәжіліске қатысушы сайланатын органдардың осыншама мүшесі осы шешімді қолдап дауыс берген жағдайда шешім қабылданған болып есептелінеді.

2.8. Кәсіподақ мүшесі Кәсіподақ беретін жеңілдіктерден шеттелген немесе Кәсіподақ мүшелігінен шығарылған жағдайда үш ай мерзім ішінде Кәсіподақтың жоғарғы органдарына шағымданып, шешімді қайта қаратуға құқылы.  

2.9. Кәсіподақ мүшелігінен шығарылған тұлға кәсіподақ мүшелігіне 6 ай мерзімнен кейін ғана жалпы негізде қабылдануға құқылы.

2.10. Жұмыстан шығу себепті немесе басқа жұмысқа ауысуына байланысты бастауыш кәсіподақ ұйымымен байланысын үзген Кәсіподақ мүшесі, аталмыш бастауыш кәсіподақ ұйымының есебінен шығарылады.

2.11. Себепсіз түрде үш ай бойына мүшелік жарнасын төлемеген Кәсіподақ мүшесі кәсіподақ мүшелігінен шығарылып, қарызын толық өтеп болғанша  Кәсіподақ тарапынан берілетін қорғалу құқынан айырылады.

2.12. Кәсіподақ мүшелігінен шыққан немесе шығарылған тұлға  Кәсіподақ тарапынан берілетін қорғалу құқы мен кәсіподақ меншігін пайдалану құқынан айрылады. Мүшелік жарна ретінде төленген ақшасы оған кері қайтарылмайды.

2.13. Кәсіподақ мүшелері бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын жүргізуде белсендік танытқандығы үшін түрлі марапатқа ие болу мүмкіндігіне ие, оған:

– алғыс жариялау;

–ақшалай сыйлықпен, бағалы сыйлықтармен, кәдесімен марапаттау;

–демалыс үйлеріне жолдама, туристік жолдама беру.

Сонымен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын жүргізуде белсендік танытқан Кәсіподақ мүшелері кәсіподақтың бастауыш ұйымы органының шешімімен Кәсіподақтың Орталық Комитетінің және ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Құрмет грамоталарымен және төс белгілерімен марапатталады.

3. Ұйым мүшелерінің құқықтары мен міндеттері

3.1. Бастауыш кәсіподақ ұйымы өз мүшелерінің Салалық Кәсіподақ Жарғысында көрсетілген құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, осы Ережеге сәйкес бекітілген қосымша кепілдіктерді ұсынады.

3.2. Кәсіподақ мүшелерінің құқықтары:

– Кәсіподақ мүшесі Салалық Кәсіподақ пен оның сайланатын органдарынан өзінің еңбек, кәсіптік, әлеуметтік-экономикалық және тағы басқа құқықтарын мемлекеттік билік органдарында қорғауды талап етуге құқылы;

–Кәсіподақ мүшесі кез келген кәсіподақ органы немесе ұйымынан кеңес алуға және оған арыз жазуға, ұсыныс жасауға, сондай-ақ Кәсіподақтан жәрдем алуға құқылы;  

–Кәсіподақ мүшесі еңбекке қатысты дау туындаған жағдайда немесе осы секілді мәселе орын алғанда Кәсіподақ тарапынан ақысыз заң көмегін алуға құқылы:

– Кәсіподақ мүшесі Кәсіподақтың жұмысына атсалысуға, соның ішінде шешімді қабылдау мен оны талқылауға қатысуға, сондай-ақ оның орындалуын қадағалауға құқылы;

– Кәсіподақ мүшесі қажетті жағдайда Салалық Кәсіподақ қаражатынан жәрдемақы сұрауға құқылы:

– Кәсіподақ мүшесі Кәсіподақтың барлық деңгейдегі органдарына сайлануға және аталмыш сайлауға қатысуға, сондай-ақ кәсіподақтық конференциялар мен съездерге делегат болуға өзін немесе өзге азаматты ұсынуға құқылы;

– Кәсіподақ мүшесі Салалық Кәсіподақ жасаған ұжымдық келісімдер мен салалық келісім-шарттарда қарастырылған қосымша жеңілдіктер мен өтемақыларды алуға құқылы;

– Кәсіподақ мүшесі, жұмыс беруші заңды тұлға немесе жеке тұлға өз жұмысын тоқтатқан жағдайда, сондай-ақ табиғи апаттар немесе осы секілді төтенше оқиғалар орын алған жағдайда әлеуметтік қорғау қорларының Ережелеріне сай бөлінетін қаражаттан алуға құқылы.

3.3. Кәсіподақ мүшесінің міндеттері:                                                                                  

– Кәсіподақ мүшесі Салалық Кәсіподақтың Жарғысын және осы Ережені орындауға міндетті. Сондай-ақ ол кәсіподақ жұмысына атсалысуға, оның және жоғары кәсіподақ органдарының шешімдері мен тапсырмаларын орындауға міндетті;

–Кәсіподақ мүшесі, ай сайын, белгіленген мөлшердегі жарнасын төлеуге міндетті;

– Кәсіподақ мүшесі еңбек шартында немесе ұжымдық шарттарда (салалық келісімде) көрсетілген міндеттерін орындауға тиісті;

– Кәсіподақ мүшесі Кәсіподақтың күш біріктіріп жасайтын іс-әрекеттерін қолдауға, сондай-ақ Кәсіподақ мүшелерінің құқы мен мүддесін қорғау ісіне қолдау көрсетуге міндетті.

4. Ішкі кәсіподақтық демократия

4.1. Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы салалық кәсіподақ қозғалысының ынтымағы мен мекеменің, ұйымның ішіндегі кәсіподақ ұйымының тұтастығын сақтауға, сондай-ақ оның мүшелерінің осы Ережеде, ұжымдық шартта, салалық келісімде көрсетілген мүдделерін қорғауға негізделеді.

4.2. Бастауыш кәсіподақ ұйымы өзінің қызметін мынандай негізде жүзеге асырады:

– Бастауыш кәсіподақ ұйымының төменнен жоғарыға дейінгі барлық құрылымдарының сайлау арқылы түзілуі, сондай-ақ олардың жыл сайын өздерінің сайлаушыларының және өздерінен жоғары Кәсіподақ органдарының алдында есеп беруі;

–Кәсіподаққа мүше болу және оның қатарынан шығудың ерікті түрде болуы;

–барлық сайланатын органдарға тиісті жұмыстың алқа мүшелерінің ақылдасуымен атқарылуы, сондай-ақ кәсіподақтың тапсырмасы мен шешімдерін іске асыруды жеке жауапкершілігіне алу;

–мәселелерді талқылау барысында ашық пікірталасқа түсуге және түрлі пікірлерді ұсынуға мүмкіндік беру, сондай-ақ қабылданған шешімді бірігіп іске асыру;

–Кәсіподақтың жоғарғы органдарының алқалы жиын арқылы қабылданған шешімдерін іске асырудың міндеттілігі;

–шешім шығарарда жарғылық талаптарға басымдылық беру.

5. Кәсіподақтық ұйым жұмысының негізгі                                                   бағыттары мен мақсаттары

5.1. Бастауыш кәсіподақ ұйымы мекеменің, ұйымның экономикалық хал-ахуалын және өз мүшелерінің мүддесін есепке ала отырып, еңбекке қатысты немесе онымен байланысты туындайтын сұрақтарды мен осы секілді өзге де әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге, ұйым мүшелерін құқықтық тұрғыдан қорғауға, оларды ұжымдық шарттар мен салалық келісімдерде айтылған қосымша жеңілдіктер және кепілдіктермен қамтамасыз етуге және рухани сұраныстарын толықтай қанағаттандыруға, Кәсіподақтың қаржылық саясатын іске асыруға және ұйымды нығайтуға бағытталған жұмысында неге басымдық беру керектігін нақтылап алады.

5.2. Мемлекеттік органның тұрақты экономикалық жағдайын нығайту, ұжым құрамы мен жұмыс орындарын сақтап қалу, жұмыскерлердің жалақысын арттыру жолында (мекеменің (кәсіпорынның) мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бастауыш кәсіподақ ұйымының негізгі мақсаты болып табылады. 

5.3. Бастауыш кәсіподақ ұйымы мемлекеттік органдағы (кәсіпорындардағы, ұйымдардағы) еңбек, экономикалық және әлеуметтік қатынастарды реттеуге арналған нормативтік құжаттарды әзірлеуге атсалысады.

5.4. Бастауыш кәсіподақ ұйымы Кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау мақсатында мемлекеттік органда (кәсіпорында, ұйымда) ұжымдық келіссөз жүргізіліп, ұжымдық келісім-шарт түзілуін ұсынады.

5.5. Бастауыш кәсіподақ ұйымы (кәсіподақ комитеті арқылы) еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты заңдар мен ұжымдық келісім-шартта айтылған (жұмыс берушінің) өзге де міндеттерінің орындалуын бақылауына алады.

5.6. Бастауыш кәсіподақ ұйымы мамандар мен сарапшылардың көмегіне жүгіну арқылы мемлекеттңк органның (кәсіпорынның, ұжымның) әлеуметтік-экономикалық ахуалын сараптаудан өткізіп, оның экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға, еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыруға, жұмыспен қамтамасыз етуге, біліктілікті көтеру мен мамандарды қайта оқытуға, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени-сауықтыру бағытындағы мекемелердің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстар жасайды. Сондай-ақ өзінің ұсыныстарын талқылаудан өткізіп, іске асыру мақсатында түрлі мәжілістер, басқосулар және басқа да іс-шараларды өткізеді.

5.7. Бастауыш кәсіподақ ұйымы Кәсіподақтың ынтымағына нұқсан келтіретін іс-әрекеттердің алдын алу үшін, еңбекке қатысты даулар мен кикілжіңдерді дер кезінде анықтап, шұғыл түрде оған араласады.

6. Бастауыш кәсіподақ ұйымының органдары

6.1. Бастауыш кәсіподақ ұйымының жоғарғы дәрежелі органы жиналыс (конференция) болып табылады. Ол қажеттілігіне орай, жылына кем дегенде екі рет, шақырылады. Жиналыстың (конференцияның) қай жерде, қай күні өтетіндігі мен күн тәртібіндегі мәселе туралы Кәсіподақ мүшелері одан кем дегенде екі апта бұрын хабардар болады.

6.2. Кезектен тыс жиналыс (конференция) кәсіподақ комитетінің өз бастамасымен немесе кәсіподақ ұйымы мүшелерінің үштен бір бөлігінің ұсынысымен, сондай-ақ кәсіподақтың жоғары органының ұсынысы бойынша шақырылады. Кезектен тыс жиналыстың (конференцияның) қай жерде, қай күні өтетіндігі мен күн тәртібіндегі мәселе туралы Кәсіподақ мүшелері одан кем дегенде бір апта бұрын хабарлануы міндетті.

Жиналыс бастауыш ұйым мүшелерінің кем дегенде жартысынан көп бөлігі қатысқан жағдайда ғана заңды болып таңылады.

Конференция сайланған делегаттардың кем дегенде үштен екі бөлігі қатысқан жағдайда ғана заңды болып таңылады.

6.3. Конференцияға қатысатын делегаттар кәсіподақ комитеті белгілеген тәртіп бойынша, Кәсіподақ мүшелерінің бөлімшелердегі санына байланысты өкілеттілігін сақтау негізінде сайланады. 

Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы мен оның орынбасары өз лауазымдарына орай оның конференциясының делегаттары танылады.

6.4. Жалпы жиналыс (конференция) бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына қатысты кез келген мәселені шешуге құқылы. Сондай-ақ мына мәселелерді шешу тек қана жиналыстың (конференцияның) құзырына жатады:

–бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмысының негізгі бағыттарын анықтау;

–кәсіподақ комитеттерінің атқарған жұмысы мен тексеру комиссиясының есебін тыңдап, талқылау;

–кәсіподақ комитетінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы мен тексеру комиссиясының төрағасын сайлау;

–жұмыс берушімен ұжымдық келісім-шарт жасау мақсатымен ұжымдық келіссөз жүргізуге қатысты шешім шығару, сондай-ақ ұжымдық келісім-шарттың негізгі шарттарын белгілеу;

– жұмыс берушінің немесе оның сенімді өкілінің, кәсіподақ комитетінің ұжымдық келісім-шарттың орындалуына қатысты есебін тыңдау;

–заң шеңберінде Кәсіподақтың мүшелерінің мүдделері мен құқығын қорғауға бағытталған ұжымдық іс-шараларды өткізу туралы шешім шығару;

–бастауыш кәсіподақ ұйымының кіріс пен шығыс сметасын, кәсіподақтың қаражатын бекіту мен оның орындалуын бақылауға алу.

6.5. Бастауыш кәсіподақ ұйымының күнделікті жұмысын жүргізу үшін сайланатындар:

–Кәсіподақтың оннан кем мүшесін біріктіретін ұйымда – кәсіподақ ұйымының төрағасы;

–Кәсіподақтың 10 немесе одан да көп мүшесін біріктіретін ұйымда – бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы басқаратын кәсіподақ комитеті;

6.6. Кәсіподақтың 150 аса мүшесін біріктірген кәсіподақтық Кәсіподақ өкілі деген лауызым белгіленуі мүмкін. Бұл өкіл Салалық Кәсіподақ бекіткен Ережені басшылыққа алып жұмыс атқарады.

6.7. Кәсіподақ комитеті бастауыш кәсіподақ ұйымының, жиналыс (конференция) жүргізуден тыс  жұмыстарының барлығына қатысты шешім шығаруға құқылы. Сондай-ақ атқарған жұмысы туралы жиналысқа және кәсіподақтың жоғары органдарына есеп беруге міндетті.

6.8. Кәсіподақ комитеті өзінің жұмыс органдарының құрамы мен олардың өкілеттілігін өзі белгілейді.

6.9. Кәсіподақ комитетінің мәжілісі қажеттілігіне орай, кемінде әр тоқсанда бір рет өткізіледі. Сондай-ақ, мүшелерінің жартысынан көбі қатысқан жағдайда ғана оның өткізілуі заңды болып саналады. 

6.10. Кәсіподақ комитеті мен жұмыс берушінің немесе оның сенімді өкілдерінің ара қатынасы әлеуметтік әріптестік пен бір-бірінің ісіне қол сұқпау мақсаты негізіне құрылады. Алайда мұның заңға қайшы келмеуін ескеру міндетті.

6.11. Кәсіподақ комитеті сайлау аралық кезеңде бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын ұйымдастыруды өз қолына алуға міндетті. Сондай-ақ олар үшін жиналыс шешімінің жобалары мен өзге де құжаттарды даярлайды, жиналыстың (конференцияның), кәсіподақтың жоғары органдарының шешімдерінің іске асырылуын қамтамасыз етеді.

6.12. Кәсіподақ комитеті:

– мемлекеттік органның (кәсіпорынның, ұйымның) тұрақты жұмыс атқаруына атсалысады;

– жұмыс берушіге немесе оның сенімді өкіліне мемлекеттік органда (кәсіпорында (ұйымда) еңбек пен әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты актілердің қабылдануын ұсынады, сондай-ақ басқару органдары дайындаған нормативтік құжаттардың (актілердің)  жобаларымен танысып, өзінің оған қатысты пікірін білдіреді;

–еңбек ұжымының тапсыруы бойынша оның атынан жұмыс берушімен немесе оның сенімді өкілімен ұжымдық келіссөз жүргізеді, келісім-шарт жасауға қатысады, сондай-ақ кәсіподақ мүшелерінің ұжымдық келісім-шарт жобасына қатысты ұсыныстарын жинақтап, оны дайындайды. Дайын болған жобамен әрбір жұмыскерді таныстырады, келісілген жобаны мемлекеттік органның (кәсіпорын, мекеме, ұйымдардың) бөлімшелерінде талқылаудан өткізуді қамтамасыз етеді;

–жұмыс берушімен немесе оның сенімді өкілімен тең дәрежеде ұжымдық келіссөздер жүргізетін комиссияны, қажетті жағдайда, келісөз кезінде туындаған түйіткілдерді шешуге арналған ымыраласу комиссиясын ұйымдастырады, келіссөзге қатысушы өкілдеріне кеңес береді, сараптамалық және басқа да көмек түрлерін ұсынады;

–мемлекеттік қызмет, еңбекті қорғау мен еңбек қатынастары заңнамасының орындалуына қатысты қоғамдық бақылау ұйымдастырады;

–мемлекеттік органда (кәсіпорында (мекемеде) қызметкерлердің (жұмысшылардың) еңбек қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету жағдайына  қатысты тәуелсіз сараптама жүргізеді;

–заңнама мен ұжымдық келісім-шарттың бұзылуына, жаңа еңбек жағдайының белгіленуі немесе оның өзгертілуіне қатысты еңбек дауларын шешуге қатысады;

– жұмыс берушінің жұмысшыларды қысқартуға қатысты  ақпаратты уақытылы беруін және жұмыс орнын немесе жұмысшылар санын қысқарту орын алған жағдайда, оларға өтемақы, жәрдемақы төленуін өз бақылауына алады. Сондай-ақ қажетті жағдайда, жұмыс берушіге немесе оның сенімді өкіліне жұмысшыларды қысқартуды кейінге қалдыруды немесе уақытша тоқтата тұруды немесе қысқартудың біртіндеп жүзеге асырылуын ұсынады. Қысқартуға іліккен кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғауға қатысты тиісті шараларды іске асырады;

–жұмыс мерзімі мен демалыс уақытына қатысты мәселелерді шешуге, жұмысшылардың еңбек демалысына шығу кезегін анықтауға, оны келесі жылға қалдыруға, мерзімнен тыс жұмысқа шақыруға және осы секілді т.б. мәселелерге қатысты істерді шешуге атсалысады;

–еңбекақы төлеу мен қаржылай және рухани ынталандыру жүйелерін түзуге, оны жүзеге асыруға, сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша берілетін сыйақы мен төлемақы ретін бекітуге қатысады;

–жұмысшылардың жекелеген категориясына жататын кәсіподақ мүшелерінің жұмыс ретін белгілеуге қатысып – емізулі баласы бар аналарға қосымша үзіліс беру мерзімі мен оның тәртібін нақтылайды;

–еңбек заңын қорғауға қатысты комиссияларды жасақтап, оның орындалуын қадағалайтын қоғамдық инспекторларды сайлайды;

–Кәсіподақ мүшелерінің құқығы мен мүдделерін қорғау мақсатында сот орындарына жүгінеді;

–кәсіподақ мүшелерін тегін кеңес пен құқықтық көмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру мақсатында бастауыш кәсіподақ ұйымының қаражаты есебінен заңгер, адвокат, білікті кеңесшілерді жалдайды, олардың құқын сот және осы секілді органдарда қорғау үшін өз өкілін жібереді;

–кәсіпорынның (мекеменің) еңбек ардагерлері мен кәсіподақ қозғалысының ардагерлерін қамқоршылыққа алып, көмек көрсетеді, қажетті кезінде оларды кәсіподақтық тапсырмаларды орындауға жұмылдырады;

–Кәсіподақ мүшелерін есепке алынуын ұйымдастырады, Кәсіподаққа қабылдау мен Кәсіподақ мүшелігінен шығу кезінде жарғылық заңдарда көрсетілген нормалардың сақталуын қамтамасыз етеді; 

–бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің сыни пікірлері мен оларға қатысты ұсыныстарын жинақтауды ұйымдастырып, іске асырады;

–бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелері арасында әлеуметтік сауалнама ұйымдастырып, жүргізеді және осы секілді басқа да әдістердің көмегімен олардың ортақ мәселелерге қатысты көзқарастарын анықтайды;

–бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелері арасында Кәсіподақ мүшелерінің еңбекке, әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауға қатысты кәсіптік одақтардың құқы мен рөлі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді;

–бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелері мен жалпы еңбек ұжымының құқықтық және экономикалық білімін көтеруді ұйымдастырады, кәсіпорынның (мекеменің), аймақтың, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы шынайы ақпаратпен таныс болуына атсалысады;

-қолданыстағы заңнама шеңберінде мемлекеттік органда (оның ведомстволары мен олардың аумақтық бөлімшелерінде, ведомствоға бағынысты ұйымдарда) құрылатын комиссиялар мен жұмыс топтарында кәсіподақ мүшесінің мүдделерін білдіреді;

6.13. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы жұмыс беруші мен өзге органдардың және бастауыш кәсіподақ ұйымы арасындағы қатынастарда оның мүддесін қорғайтын құзырлы өкілі болып табылады. Ол:

– кәсіподақ комитеті мен кәсіподақ жиналысы (конференциясы) құзырына жатпайтын шұғыл істердің барлығын өз бетімен шешуге құқылы;

–кәсіподақ комитеті мен жалпы жиналыстың (конференцияның) шешімдерін даярлау жүктелетін уақытша комиссиялар мен жұмыс топтарын жасақтауға және сарапшыларды, мамандарды, кәсіподақ белсенділерін кәсіподақ жұмысына тартуға құқылы;

–кәсіподақ комитетінің мәжілісін шақырып, оны басқаруға, мәжіліс қабылдаған шешім мен хаттамаларға қол қоюға құқылы;

–кәсіподақ мүшелері атынан ұжымдық келісім-шарттарға қол қоюға құқылы;

– кәсіподақ комитеті штатындағы қызметкерлердің жұмысына басшылық етуге құқылы;

– кәсіподақтың сайланатын мүшелерін оқыту мен нұсқаудан өткізуді ұйымдастыруға құқылы;

–қаржылық шараларды іске асыруға, кәсіподақтың рұқсатымен келісім-шарт жасауға құқылы;

– кәсіподақтың оқу орындарында, арнайы курстар мен семинарларда оқып, білім жетілдіру мен кәсіби біліктілін арттыру мүмкіншілігін пайдалануға құқылы;

– Кәсіподақ мүшелерінің рұқсатымен, олардың жеке арызы бойынша және жұмыс берушінің келісімі негізінде мүшелік жарналарды Салалық Кәсіподақ белгілеген көлемде кәсіподақ комитеті мен кәсіподақтың жоғары органының есеп шотына аударуға қатысты мәселелерді шешуге құқылы.

6.14. Кәсіподақ комитетінің мүшелері Қазақстан Республикасының «Кәсіптік одақтар туралы» Заңына сәйкес:

–қоғамдық негіздегі еңбек инспекторымен бірге мемлекеттік органда (оның ведомстволары мен олардың аумақтық бөлімшелерінде, ведомствоға бағынысты ұйымдарда, кәсіпорындарға (мекемелерге) кедергісіз кіріп, кәсіподақ мүшелерінің ондағы жұмыс орындарын тексеруіне құқылы;

–жұмыс берушіден еңбек пен әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты материалдарды талап етуге құқылы;

6.15. Кәсіподақ комитеті атқарған жұмысы туралы жиналыс (конференция) пен кәсіподақтың жоғары органдары алдында есеп беруге, жыл сайын бастауыш кәсіподақ мүшелерінің алдында атқарылған жұмысы жөнінде есеп беруге міндетті. Сондай-ақ, ол ұдайы әрі белгіленген уақытта Салалық Кәсіподаққа статистикалық және қаржылық есеп береді.

6.16. Есеп сайланбалы органдарынынң бастауыш кәсіподақ ұйымының  2 - 3  жылдан кейін.

6.17. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарында есеп беру мен сайлау өткізу туралы шешімді қабылдау Салалық Кәсіподақтың құзыретіне жатады.

6.18. Кворум жағдайында, кәсіподақ жиналысы, конференция, сайланатын органдардың мәжілісі шығарған шешім, жиналысқа қатысушы кәсіподақ мүшелерінің, конференция делегаттарының, сайланатын органдардың мүшелерінің жартысынан көбі қолдап дауыс берсе, Ережеде басқа жағдай қарастырылмаса, қабылданған болып саналады.

6.19. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасын, кәсіподақ комитетінің мүшелерін сайлау кезіндегі дауыс беру тәртібі мен оның формасын жиналыс (конференция) белгілейді.

6.20. Кворум жағдайында, жиналысқа қатысушылардың, конференция делегаттарының, конференция жұмысына қатысқан кәсіподақ мүшелерінің жартысынан көбі қолдап, басқа үміткерлерге қарағанда артық дауыс жинаған үміткерлер сайланған болып танылады.

6.21. Қажетті жағдайда кәсіподақ комитеті құрамын белгілейтін қосымша немесе кезектен тыс сайлау өткізілуі мүмкін.

Кәсіподақ комитетінің қосымша сайлауы оның құрамын жартылай жаңарту қажеттігі туындаған жағдайда өткізіледі.

Кәсіподақ комитетінің кезектен тыс сайлауы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, кәсіподақ комитетінің мүшелері мерзімінен бұрын өкілеттілігін тоқтатқанда немесе кәсіподақ комитетінің, оның төрағасының жұмысы қанағатсыздандырарлық деп танылғанда, олар Кәсіподақ Ережесін өрескел түрде бұзған жағдайда, кәсіподақтың жоғарғы органының шешімімен өткізіледі. 

7. Кәсіподақ мүлкін (меншігін) пайдалану тәртібі, қаржылық қызмет

 7.1. Бастауыш кәсіподақ ұйымы Салалық Кәсіподақтың, оның жергілікті бөлімінің немесе жергілікті кәсіподақтың өзіне пайдалануға берген меншігін иелену мүмкіндігіне ие.

7.2. Бастауыш кәсіподақ ұйымының қаражаты мүшелікке өту үшін төленген қаржының бір бөлігінен, ай сайын төленетін кәсіподақтың мүшелік жарнасының 60 пайызынан, ай сайын жиналатын кәсіподақтың мүшелік жарнасынан, жұмыс беруші тарапынан (ұжымдық келісім-шарт немесе Келісімге сай) жалпы сауықтыру-мәдени шаралар жүргізу үшін бөлінетін қаржыдан құралады.

7.3. Кәсіподақ мүшелерінің ай сайын төленетін жарнасы мен мүшелікке өту жарнасы мына көлемде белгіленеді:

–жұмыс істейтіндер үшін айлық жалақының барлық түрлерінен 1% кем емес мөлшерде;

–жұмыс орындарының немесе жұмысшы санын қысқартуға, кәсіпорынның, мекеменің (заңды тұлғанын) жабылуына байланысты жұмыссыз жүргендер үшін мемлекет белгілеген ең төменгі жалақының 1% кем емес мөлшерде.

7.4.Бастауыш кәсіподақ ұйымдары өз иелігінде жиналған кәсіподақтық мүшелік жарналардын 90% ғана қалдырады, ал қалған 10% Салалық Кәсіподаққа бағыттайды.

7.5. Мүшелік жарналар, кәсіподақ мүшесінің арызы негізінде есеп шотқа аудару жолымен төленеді. Ақшаны аударудың нақты тәртібі жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымы арасында жасалған ұжымдық келісім-шартқа сәйкес түзіледі.

7.6. Бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақтың жоғары ұйымының кәсіподақ органына Кәсіподақтың жоғары органдары қызмет атқаруы үшін мүшелік жарнадан түскен қаражаттан, Кәсіподақ съезі бекіткен, кәсіподақтың мүшелік жарналарын бөлу мен аударылатын ақшаның мөлшерін белгілеу туралы Ережеге сәйкес, аударып отырады.

Бұдан басқа қаражат, сондай-ақ өзге де табыс көздерінен түскен ақша бастауыш кәсіподақ ұйымының жиналыс немесе конференция бекіткен сметасына сәйкес жарғылық міндеттерді атқаруға жұмсалады.

7.7. Кәсіподақ ұйымы себепсіз түрде жоғарғы органға ақша аударуды тоқтатқан жағдайда, Кәсіподақтың шешімі бойынша үш ай мерзімнен соң Кәсіподақтың аталмыш ұйымды қорғау міндетін тоқтататындығы жайлы ескертіледі.

7.8. Бастауыш кәсіподақ ұйымының қаражаты мына шараларға жұмсалады:

–штаттағы қызметкерлердің жалақысын беруге;

–қажеттік туындаған жағдайда Кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық көмек көрсетуге;

–балалар мен зейнеткерлерге арналған сыйлықтар, жеңілдікпен берілетін жолдамалар, мәдени-сауықтыру орындарының жеңілдікпен сатылатын билеттерін сатып алуға;

–мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларды өткізуге;

–мамандар мен сарапшыларға атқарған қызметі үшін, сондай-ақ заңгерлерге құқықтық көмек бергендігі үшін, адвокаттарға кәсіподақ мүшелерінің құқын сотта қорғағаны үшін;

–кәсіподақ қызметкерлерін даярлау мен қайта даярлау, кәсіподақ басшылығының оқуын ұйымдастыру үшін;

–қайырымдылық мақсатта;

–Салалық Кәсіподақ Жарғысында, осы Ережеде және кәсіподақ жиналысы (конференциясы) шешімдерінде көрсетілген басқа да мақсаттарға.

7.9. Бастауыш кәсіподақ ұйымының қаржылық және шаруашылық қызметін қадағалауды оның тексеру комиссиясы және кәсіподақтың жоғарғы органдарының тексеру комиссиясы жүргізеді.

7.10. Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына екі рет (алты ай сайын) Кәсіподақтың салалық бөлімшесіне қаржылық есебін тапсыруға міндетті.

8. Кәсіподақтың бастауыш ұйымының тексеру комиссиясы

8.1. Бастауыш кәсіподақ ұйымының тексеру комиссиясы кәсіподақ комитетімен бірге бір жиналыста (конференцияда), ортақ мерзімге сайланады. Тексеру комиссиясы мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері Салалық Кәсіподағының съезі бекіткен Ережеге сәйкес жұмыс атқарады.

9. Бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмысының тоқтатылуы

9.1. Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы, кәсіпорындағы (мекемедегі, ұйымдағы) кәсіподақ мүшелерінің саны Салалық Кәсіподақтың Жарғысында айтылған мөлшерден кем болған жағдайда жиналыстың (конференцияның) шешімімен немесе сот шешімімен тоқтатылуы мүмкін.

9.2. Кворум жағдайында, жиналысқа қатысушылардың немесе конференция делегаттарының 2/3 бөлігі дауыс берген жағдайда, шешім қабылданған болып табылады.

Бастауыш кәсіподақ ұйымы жиналысының, конференциясының хаттамасы шешім шыққаннан кейін үш күн мерзім ішінде кәсіподақтың тиісті салалық бөлімшесіне жіберіледі.

9.3. Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын тоқтату туралы шешім шыққан жағдайда, жиналыс немесе конференция тарату комиссиясын тағайындайды. Оның құрамына кәсіподақтың салалық бөлімінің мүшесі кіреді.

Тарату комиссиясы ұйымның иелігіндегі мүлік пен қаражатты есепке алып, бағасын анықтайды, дебиторлармен және несие берушілермен есеп айырысады, сайланған және жалдамалы қызметкерлердің, т.б. еңбек ақыларын төлейді.

Тарату комиссиясының есебін кәсіподақтың салалық бөлімінің және жергілікті кәсіподақтың төралқасы бекітеді. Қалған мүлік пен қаражат Салалық Кәсіподақтың Ережесінде белгіленген мақсаттарға жұмсалады. 

9.4. Мемлекеттік органның (кәсіпорынның (мекеменің) түзілу құрылымы өзгергенде немесе ол таратылған жағдайда, жұмысшылардың жұмыссыз қалуына байланысты, бастауыш кәсіподақ ұйымы қайта жасақталуы мүмкін немесе сайланатын органының шешімімен оның жұмысы тоқтатылады.

9.5. Бастауыш кәсіподақ ұйымы әкімшілік тәртіппен жұмыс берушінің (немесе оның өкілдерінің) қалауымен яки шешімімен таратылмайды, қызметін уақытша тоқтатпайды. Мұндай әрекеттер орын алған жағдайда, сотқа жүгіну арқылы тоқтатылады.

10. Қорытынды ережелер

10.1. Осы Ережеде қамтылмаған барлық мәселелерге қатысты шешім Салалық Кәсіподақтың Жарғысына жүгіну арқылы қабылданады.

10.2. Осы Ережеге түсіндірме жасау құқығы, оның негізгі мақсаттарына қайшы келмейтін өзгертулер мен толықтыруларды еңгізу бастауыш кәсіподақтың құзырына жатады.

 

© 2019

Ресми Интернет-ресурс

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі